Мәжіліс Құрылыс кодексінің жобасы бойынша заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрылыс кодексінің жобасы және оған ілеспе заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Жаңа Құрылыс кодексі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында жүйелі механизмдерді белгілеуге, құрылыс процесінің барлық кезеңін онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін е-құрылыс ақпараттық жүйесін енгізуге, құрылыс саласындағы рұқсаттардың бірыңғай тізілімін бекітуге, сәулет, құрылыс қызметіне қоғамдық бақылауды енгізуге бағытталған", - деді құжатты таныстырған депутат Нұртай Сабильянов.
Сондай-ақ заң жобасында құрылыс сапасын арттыру, құрылыс объектілерін пайдаланудың кепілдік мерзімін 2 жылдан 5 жылға ұлғайту қарастырылған. Құрылыс кодексінің жобасы 205 баптан тұрады.
Ілеспе заң жобасы 4 Кодекске және қолданыстағы 13 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.