Мәжіліс шенділердің маңдайынан сипап жіберетін жер емес – Қошанов

321

Мәжілісте этика жөніндегі комиссия жұмыс істейді.

Мәжіліс шенділердің маңдайынан сипап жіберетін жер емес – Қошанов Фото: gov.kz

Парламенттің төменгі палатасында заң жобасын таныстыратын Үкімет мүшелері сұрақтарға толық жауап беруі тиіс. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мәжіліс келген министрлердің немесе басқа да лауазымды тұлғалардың маңдайынан сипап жіберетін жер емес қой. Депутаттар мұнда талап қояды, сұрақ қояды. Егер сұрақтарына нақты жауап ала алмаса, кейде эмоцияға беріліп те жатады. Бұл – әлемдегі барлық Парламентке тән оқиғалар. Парламентаризмнің заңдылығы деп айтсақ болады. Бірақ дөрекілікке, жеке басқа, агрессияға өтіп кетуге жол беруге болмайды. Регламентте оның бәрі көрсетілген. Оның орындалуын қадағалайтын Мәжіліс төрағасы деген ойдамын. Оған жол бермеуге тиіспін. Сонымен қатар бізде этика жөнінде комиссия бар. Егер мұндай жағдай болса, бұл мәселелер қаралып отырады", - деді Қошанов Мәжіліс кулуарында.

Спикер әртүрлі жағдайлар болатынын жеткізді. 

"Кейбір келген министрлер немесе олардың орынбасарлары толық бізге жауабын бере алмай жатады. Кейде сырғытпа жауап береді. Жазбаша береміз дейді. Енді олар дайындықпен келуі керек қой. Үкімет мүшесі немесе оның орынбасары келетін болса, ол заң жобасын толық біліп, қойылатын сұрақтарға жауабын беруі керек. Сол кезде конструктивті әңгіме болады", - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс төрағасы Ресейге не үшін барғанын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу