Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты

563

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысып жатыр.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстанның атынан 50 спортшы сайыстың бес түрінен бақ сынамақ. Олар – көкпар, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көк бөрі. Мәжіліс Төрағасы жарыс алдында ұлттық құрама өкілдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізді.

Мәжіліс Спикері Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас елдердің мәдени байланыстарын күшейтіп, түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етуде маңызы зор екенін атап өтті. 

"Қазір күллі Қазақстан халқы сіздерге жанкүйер болып отыр. Қоржындарыңыз алтынға толсын. Қазақ спортшыларының қандай мықты екенін дүбірлі додада дәлелдеп, ел абыройын асқақтата беріңіздер", – деді Ерлан Қошанов.

Шара аясында Ерлан Қошанов Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесуде Қазақстандағы ахуал, алда өтетін Президент сайлауы сөз болды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан келесі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөнінде ұсыныс бергенін айтып, түркі қоғамдастығы оны қолдайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар Ерлан Қошанов Түркияның бұрынғы Премьер-Министрі Бинали Йылдырыммен кездесіп, тараптар екі ел ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын сөз етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу