Мәжіліс қазақы жылқыны сақтау және көбейту туралы заңды қабылдады

288

Елімізде Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген.

Мәжіліс қазақы жылқыны сақтау және көбейту туралы заңды қабылдады Фото: argymaq.kz

Мәжіліс спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және  асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту.

"Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, халықтың ұлттық қазынасы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген, яғни барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 9,7%-ы. Алайда бүгінде Қостанай жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген. Егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр", - деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Оның дерегінше, 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, жойылу алдында тұр. Бұл жағдай ұлттық ат спорты түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр, деп жалғастырды халық қалаулысы.

"Заң жобасымен "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" және "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына түзетулер енгізіледі. Заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған келесі іс-шараларды субсидиялау көзделген. Атап айтқанда, асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу", - деп атап өтті мәжілісмен.

Айдарбек Қожаназаров бұл қолдау тетіктері отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын  дамытуға  жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпалын тигізеді деген пікірде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу