Мәжіліс төрағасы қытайлық әріптесімен келіссөз жүргізді

1343

Мәжіліс төрағасы ресми сапардың  ҚХР құрылуының 70 жылдық мерейтойымен сәйкес келіп отырғанына назар аударды.

Мәжіліс төрағасы қытайлық әріптесімен келіссөз жүргізді

Бүгін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Бүкілқытайлық халық өкілдері Жиналысы тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаншумен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚР мәжілісінің баспасөз қызметі.

Палата Спикері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшылығы негізін қалаған елдеріміз арасындағы сенімді саяси диалог, тығыз экономикалық байланысқа айрықша назар аударды.

Сондай-ақ, Н. Нығматулин Қытайға тұңғыш мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин арасында жасалған келіссөздер Қазақстан мен Қытай қатынасын мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткізгенін және біздің мемлекеттеріміз ынтымақтастығында жаңа тарихи кезең басталғанын атап өтті.

Өз кезегінде мәртебелі мейман қос мемлекет арасындағы ынтымақтасық  деңгейін өте жоғары бағалады.  Ли Чжаньшу Қытай келешекте де өз даму жолы бар Қазақстанның гүлденуіне ниеттес бола отырып, алдағы уақытта да біздің еліміздің халықаралық аренада салмақты рөл атқаруына қолдау көрсететіндігін жеткізді. Осы ретте Бүкілқытайлық халық өкілдері Жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы  жақында мемлекеттер басшылары қол қойған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеменің маңыздылығына тоқталды.

Мәжіліс төрағасы екі ел ықпалдастығын одан әрі тереңдетуде парламентаралық байланыстың маңызы зор екенін айтты. Осыған орай, тараптар заңнамалық, әсіресе, реформалар мен инновациялық дамуды құқықтық қамтамасыз ету бағытында тәжірибе алмасуға келісті. Кездесу барысында Н. Нығматулин Ли Чжаньшу бастаған делегация сапары елдеріміздің көпжақты әріптестігі мен тату көршілікті нығайтуға ерекше ықпал ететініне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу