Мәжіліс төрағасы Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды

75

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты, әсіресе парламентаралық ықпалдастықты тереңдету мәселелерін талқылады.  

Мәжіліс төрағасы Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды Фото: mazhilis.parlam.kz

Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламидің шақыруымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби  Әл-Аламимен кездесуде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Мароккомен серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін айтып, Король VI Мұхаммедке оның жылы лебізі мен ықыласын жеткізді.

Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері біраз салада берік байланыс қалыптасты. Соның бірі – парламентаралық ықпалдастық. Әңгіме барысында Ерлан Қошанов осы парламентаралық диалогты тереңдетуге ерекше назар аударды. Марокколық әріптестерін заң шығару саласында тәжірибе алмасып, әсіресе достық топтары, бейінді комитеттер және аппараттар арасындағы іс-әрекетті арттыруға шақырды.

Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы серіктестікті дамыту жайы Марокко Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен кездесуде де кеңінен талқыланды. Кеңесшілер палатасының төрағасы екі ел ынтымақтастығын арттыруда жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Марокко Үкіметінің басшысы Азиз Аханнушпен кездесті. Онда екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында серіктестікті одан әрі күшейту мәселелері мен "Орта дәліз" көлік бағытын белсене дамыту жайын ортаға салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу