Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударып жатқан оралмандар көші тоқтауы мүмкін. Бұл туралы мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Мәжілістегі коммунистер фракциясы осы түйткілді мәселені көтеріп, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
"Мәжіліске оралмандардан үндеу хат келіп түсті, олар 1991-1992 жылдары елге Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыз. Олар өздерінің зейнетақымен қамтамасыз етілуге қатысты туындаған жағдайларға қатты алаңдап отырғанын хабарлады", — деді Жамбыл Ахметбеков мәжілістің жалпы отырысында.
2014 жылы 8 сәуірден бастап Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің күші жойылуына байланысты Моңғолиядан оралған қазақтардың зейнетақысы күрт төмендеп кеткен. Өйткені оралмандардың Моңғолиядағы еңбек өтілі есепке алынбай отыр.
Ресми емес деректерге сүйенсек, Моңғолияның әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі екі ел арасындағы келісімнің күшін жою туралы бастаманың Қазақстан үкіметі тарапынан болғанын, ал моңғол тарапы аталған келісім бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға әзір екенін мәлімдеген.
"Мемлекеттер арасындағы бұл келіспеушіліктер ең алдымен бұқара халыққа соққы болып тиюде. Оралмандардың еңбек өтілінің есептелмеуі, яғни Қазақстан мен Моңғолия арасында жасалған келісім күшінің жойылуы осы елден Қазақстанға қоныс аударып жатқан қандастарымыздың көшінің тоқтауына әкеп соғуы мүмкін", - деген алаңдаушылығын білдірді Ахметбеков.