"AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.
Елімізде 27 моноқала бар. Мұнда 1,4 млн адам тұрады. Берік Бейсенғалиевтың сөзінше, көбісінде ұқсас, шешілмеген мәселелер аз емес.
"Негізгілері – тұратын жерінен көшіп кету, халық санының азаюы, жоғары жұмыссыздық деңгейі, инженерлік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылуы. Мысалға, Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларында су желілері, канализациялық, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85%-дан астамды құрайды. Арқалықта жолдардың 80%-нан астамы сын көтермейді, ал бала өлімі көрсеткішінің өсуі 2022 жылы алдындағы жылмен салыстырғанда 40% артқан. Оның негізгі себептері – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы деңгейінің төмендігі. Нәтижесінде халықтың 50%-нан астамы басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды", - деді депутат.
Осыған ұқсас жағдай Қазақстанның басқа да моноқалаларында қалыптасқан.
"Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Осы күнге дейін бұл жоспарларды Үкімет әлі бекітпеді. Яғни, 2023 жылдан бастап іске асырылуы тиіс Кешенді жоспарлар әлі орындалмай отыр", - деп атап өтті Берік Бейсенғалиев.
Халық қалаулысының айтуынша, моноқалалар және олардың жанындағы аудандардың дамуы үшін аталған Кешенді жоспарлар жобаларын Үкіметтің бекітуін жеделдетіп, оны іске асыруға кірісу қажет.