Бүгін Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бюджет заңнамасын жетілдіруге бағытталған түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Талқылауды қорытындылай келе, Мәжіліс спикері заң жобасының бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыруға және бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға бағытталғанын алға тарта келіп: "Бізге нақты нәтиже керек. Ол тұрғын үйлер, мектептер, бала-бақшалар, ауруханалар салу. Сонда ғана Елбасының бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу керектігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырамыз", - деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасында бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды оңайлату және мемлекеттік органдардың дербестілігін арттыру, есепке жазу әдісімен бюджеттеуді біртіндеп енгізу, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты реттеуді күшейту, ІТ-жобаларын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру, дамыту үшін қажетті құжаттаманы дайындау рәсімдерін оңайлату бағыттары бойынша түзетулер қамтылып отыр.