ҚР парламенті мәжілісінде "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" ҚР заңы жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, 2020 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 880 млрд теңгеге қысқарады.
"Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы бойынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері кезең-кезеңімен төмендейді және 2018 жылы - 2 600 млрд теңгені, 2019 жылы - 2 300 млрд теңгені, 2020 жылы және алдағы жылдары - 2 трлн теңгені құрайды", - деп атап өтті ҚР экономика министрі Тимур Сүлейменов мәжіліс пленарлық отырысында.
Депутаттар аталған заң жобасының бюджет кодексіне сәйкес әзірленгенін атап өтіп, ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт мөлшерінің төмендеуінің еліміздің болашақ ұрпағы үшін мұнай кірістерін сақтау саясатына және мемлекет қазынасының әлемдік шикізат нарығындағы баға өзгеруінен туындайтын тәуелділігін азайтуға ықпал ететінін айтты және үкіметтен ұлттық қор қаражатын ұтымды пайдалануды және оны толықтыру динамикасына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыруды сұрады.
Талқылаудан кейін депутаттар дауыс беру арқылы "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Заң жобасын мақұлдады және қаулы қабылдады.