Мәжілістің жалпы отырысында "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасы мен қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе құжат қаралды. Осы тақырып бойынша баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі елімізде петицияны жариялау тәртібін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz.
"Заң жобасы петиция институтын регламенттеу, сондай-ақ, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі түзетулерді де қамтиды", – деп атап өтті министр.
Біріншіден, заңнамада петиция ұғымы белгіленді.
Екіншіден, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітілген.
Үшіншіден, петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет портал арқылы бере алады.
Төртіншіден, уәкілетті орган петиция жария болғанша заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды.
"Петиция берілген кезден бастап 20 жұмыс күні ішінде оған кемінде еліміздің 150 азаматының қосылуы қажет. Бұндай тәжірибе петиция институты құрылған бірқатар елде, мәселен, АҚШ, Өзбекстан және басқаларында қолданылады", – деді министр.