Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды. Айтуынша, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив саласындағы бірқатар заңға өзгерістер ұсынылып отыр.
Заң жобасы негіздемелік сипатта 3 үлкен бағытты қамтиды.
"Саланы реттейтін ұзын саны 9 заңға өзгерістер енгізіп, осыған орай олардың мақсатын, міндеттері мен принциптарын қайта анықтайды. Заң жобасы министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға сілтенетін министрліктің мойнындағы төл міндеттерді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар ендігі жерде министрліктің ережесімен реттелетін болады", - деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек заң жобасында Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында креативті индустрия өкілдеріне мемлекеттік қолдау шараларын қарыстыру туралы тапсырмасы да қамтылған.
"Міне, осы тұрғыда ұсынылып отырған заң жобасы креативті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады. Мәселен, Үкіметке осы саясатты жүргізу және осы саланы дамытуға жауапты заңды тұлғаларды анықтау сияқты нақты құзырет беруді көздейді", - деді Мәдениет және ақпарат министрі.