Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы мен оған ілеспе құжат таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысы аталған заң жобаларын іске асырудың маңыздылығын 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында және ағымдағы жылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде атап өтті. Заң жобалары жасанды интеллект технологияларын (жүйелерін) пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын белгілеуге бағытталған. Негізгі заң жобасымен жасанды интеллект саласындағы реттеудің, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздері айқындалады. Тәуекелдердің деңгейі бойынша жүйелерді жіктеу енгізіліп, дербес деректерді қорғау күшейтіледі", – деді депутат Нұртай Сабильянов.
Бұдан бөлек мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктері қарастырылған. ЖИ саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалады.
"Бұдан басқа, ілеспе заң жобалары жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып жасалған өнімдерге қатысты тұтынушылардың құқықтарын және ол жүйелермен пайдаланылатын жеке деректерді қорғауға, жасанды интеллект жүйелері арқылы жасалған бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерінің иелері немесе иегерлері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деді мәжілісмен.