Қошанов: Президент бастамаларын барынша қолдау – біздің басты міндет

1138

Парламент мәжілісінің жаңа төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырысты бастамас бұрын, бірнеше мәселені "ерекше атап өтті".

Қошанов: Президент бастамаларын барынша қолдау – біздің басты міндет

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан "Жаңа Қазақстан" құру жолында парламентке артылар жүк те, жүктелер жауапкершілік те өте зор. Сондықтан осынау сындарлы кезеңде халық сенімінен шығып, Президент бастамаларын барынша қолдау – біздің басты міндет", – деді Қошанов. 

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде "президент халық қауіпсіздігі мен мемлекет мүддесі бәрінен биік екендігін өз ісімен дәлелдеді". 

Төраға содан кейін сайлаушыларға қайырылды.

"Сайлаушылар тарапынан депутаттарға қойылатын талап қашан да жоғары екендігін өздеріңіз білесіздер. Әсіресе, кешегі қаңтар оқиғалары – бүкіл еліміз үшін үлкен сын болды. Ендігі жерде бұл талап әсіресе біз үшін басты қағида болуы тиіс. Бірінші кезекте, Парламент жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет. Халық сайлаған депутаттар – ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болу керек. Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез-келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты екені түсінікті", – деді ол. 

Айтуына қарағанда, алдағы уақытта депутаттар корпусының азаматтық сектормен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, әсіресе, өңірлердегі қоғам белсенділерімен тығыз байланысы одан әрі жандандырады. Мүмкін халықпен кездесу форматын "қайта қарайды".

"Тамыршыдай тап басып, жұрттың мұң-мұқтажын білу үшін және заңдар қабылдау арқылы олардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін біз сайлаушылармен жиірек кездесуге тиіспіз. Біздің мақсатымыз айқын, міндетіміз ортақ. Ол елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы жолда, құрметті депутаттар, бірлесе еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жетеміз деп сенемін", – дейді Қошанов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу