Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қожа Ахмет Ясауи мұражайын контентпен толтыру қажеттігіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Түркістанды туризм орталығы ретінде қалыптастыру бойынша үлкен бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Заң да соның аясында қабылданып жатыр. Осы тұрғыдан келгенде Түркістанда Ясауитану орталығы да керек, сондай-ақ Ясауи бабамызға арналған үлкен бір мықты мұражай керек. Ол мұражайдың ғимараты осыдан бірнеше жыл бұрын салынған. Негізгі мәселе – ол ғимаратты контентпен толтыру, ішінде бір-екі экспонатымыз бар. Бірақ енді әрі қарай соны толтырып, Қожа Ахмет Ясауиге байланысты ақпараттарды жинап, зерттеулер жүргізіп, музейді Яссауи өмірін, ілімін насихаттайтын негізгі тетік ретінде қалыптастыру керек. Мысалы, ай сайын мыңдаған адам зиярат етуге барады. Зиярат еткеннен кейін сол музейге кіріп шықса, біраз ақпарат алатын болса, бабамыздың өмірін, ілімін насихаттар едік. Музейдің салынғанына біраз болды. Іші қазір өзгерген шығар. Былтыр барғанымызда ішінде аса көп контентті де көрмедік", – деді ол Сенаттың жалпы отырысында.
Сенат спикері Түркістан облысының әкімдігі мен Мәдениет министрлігі осы бағытта жұмыс істеуі тиіс екенін баса айтты.
"Ясауиге байланысты ғылыми зерттеулерді де жүргізу керек. Сол үшін Ясауитану орталығын қалыптастарып, дамытуымыз керек. Екіншіден, мұражай мен оның айналасындағы жұмыстарды жүзеге асыруымыз керек. Кітаптар шығарылу керек. Мұнда бір жүйе керек. Мазмұнды жұмыстар жетіспей жатқан сияқты. Кейде біз көп нәрсеге атүсті қараймыз да, нақты жұмыс істеген кезде бір олқылықтар шығып жатады. Музей мен Ясауитану – соның бір көрінісі. Ясауи бабамызды, Әл Фарабиді насихаттамасақ, кімді насихаттаймыз? Ол біздің ұлттық бірегейлігіміздің темірқазықтары ғой", – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кету керек, 2023 жылдың маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ясауитану" ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін көтерген болатын.