29 қаңтарда америкалық фаст-фуд алпауыты McDonald's жаңа коронавирус өршіп тұрған Хубей провинциясындағы жүздеген бөлімшелерінің жұмысын уақытша тоқтаты. Бұл туралы Қытайдың South China Morning Post басылымы хабарлады. Соңғы мәлімет бойынша, вирустан қаза тапқандардың саны 170-ке, жұқтырғандардың қатары 7771-ге жеткен. Құрбандардың барлығы да Қытай азаматтары.
Компанияның бас директоры Крис Кемпчински елдегі жағдайды тұрақсыз деп атап, корпорация осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын жеткізді. Ал Қытайдың басқа өңірлерінде 3000-ға жуық филиалы әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда бізді компания қызметкерлері мен клиенттеріміздің қауіпсіздігі, денсаулығы алаңдатып отыр. Оларды қатерге тікпес үшін қолдан келгенді жасаймыз", - деді Кемпчински. Айтуынша, компания дәмханаларының 9%-ы Қытайда орналасқан және табысының 3%-ын осы елден өндіріп отыр.
Табиғат Нұрболат