Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы емханалар скринингке шақыру кезінде ешқашан SMS код сұрамайтынын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Соңғы уақытта белгісіз адамдар емхана қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, "скринингке жазылуды растау үшін" SMS арқылы келген кодты сұрап жүргені анықталды", – деп нақтылайды құзырлы ведомство.
Бұған дейін елордалық тұрғын үйлердің біріндегі WhatsApp чатта Юлия есімді келіншек анасының тәжірибесін бөліскен.
Белгісіз адам өзін емхананың медбикесі ретінде таныстырып, скринингке шақырған. Кейін "тіркеуді растау үшін SMS кодты айтыңыз" деп өтінген. Анасы қызына хабарласып, осылайша алаяқтардың арбауынан аман қалған.
Денсаулық сақтау басқармасы азаматтарды алаяқтыққа алданып қалмауға, медициналық ұйымдар атынан хабарласып, SMS код сұрайтын тұлғаларға сенбеуге шақырады.