Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Медеу биік таулы мұз айдынында жаппай сырғанау 15 қарашада сағат 10:00-ден бастап қолжетімді, ал маусымның салтанатты ашылу рәсімі сағат 13:30-да өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Мұз айдынының ашылу бағдарламасында коньки тебушілердің мұздағы перфоманстары, жүлделер ұтыс ойыны, флэшмоб, әртістердің қойылымдары, сондай-ақ кешеннің ең белсенді қонақтарына арналған сыйлықтар бар.
Қазіргі уақытта нысанда дайындық жұмыстары аяқталды, мұз жасау процесі белсенді жүргізілуде.
Медеу - Алматы қаласының маңына орналасқан, теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте әрі еліміздің ең басты мұз айдыны болып табылады.
Сеанстардың кестесімен және олардың бағасымен "Медеу" мұз айдынының https://medeu.kz/.ресми сайтында танысуға болады. Билеттерді "Медеу" мұз айдынының сайтында, кешеннің кассасында, сондай-ақ kaspi.kz және Halyk Bank мобильді қосымшалардан онлайн сатып алуға болады.