Бүгін "Нұр Отан" партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммедтің жетекшілігімен "Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы" тыңдау өтті, деп хабарлайды mz.gov.kz.
Іс-шара барысында нұротандық депутаттар аталған салаға қатысты тиісті мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Нәтижесінде халық қалаулыларын медициналық мекемелердегі мамандардың тапшылығы, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, медициналық қызмет сапасына бақылауды күшейту, медициналық мекемелерді интернетпен тиісті деңгейде жабдықтау, санитарлық автокөлікпен қамту, емделуге квота алу, бөлшектеп сатылатын дәрілік препараттардың бағасын реттеу, сондай-ақ, науқастардың тексерілуге және емделуге кеткен шығындарын өтеу мәселелері алаңдататыны белгілі болды. Осыған орай депутаттар бастапқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі медициналық қызметті орталықсыздандыру, саламатты өмір салты жөніндегі бағдарламаға айрықша көңіл бөлу және адам ағзасына қауіпті қалдықтармен ауаны ластайтын өндіріс орындарының жауапкершілігін күшейтуге қатысты өз ұсыныстарын жолдады.