Медицина ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы билік кінәлі

1668

Бас санитарлық дәрігердің бұйрығы тиісінше орындалмаған.  

Медицина ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы билік кінәлі

Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова медицина қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруының себебін атады.

"Аумақтық департаменттер Алматы қаласының балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасына тексеріс жүргізіп, медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына не себеп болғанын анықтады. Тексерушілердің қорытындысы бойынша, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған. Медицина қызметкерлері тәулік бойы ординаторлық стационарда болған. Күніне 10 сағаттан немесе тәулік бойы жұмыс істеген. Қорғаныш құралдарымен қамтылмаған", – деді Людмила Бюрабекова.

Комитет төрағасының айтуынша, Қарағанды облысында осындай орашолақтыққа жол берілген.

"Атырау облыстық ауруханасында коронавирус инфекциясының айқын белгілері бар аяғы ауыр әйелге тиісінше назар аударылмаған. Медицина қызметкерлері сақтық шараларын сақтамаудың салдарынан науқастан вирус жұқтырған", – деді ол.

Бұдан кейін ол денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен Жамбыл облысы Меркі ауданындағы дәрігер-инфекционистің шағымы бойынша тексеру жүргізіліп, аурухана басшыларына қатысты нақты шара қолданылғанын жариялады.

Айта кетейік, бұған дейін жоғарыдағы аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Д.Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Шойбекова және бас есепші З. Мұқаева қызметінен босатылған.

Людмила Бюрабекованың баяндауынша, медицина қызметкерлерінің коронавирус инфекциясын жұқтыруына медицина ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы билік кінәлі. Олар бас санитарлық дәрігердің бұйрығының тиісінше орындалуын қадағаламаған және қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмаған.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу