Бұл туралы Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы үш жылда көптеген медициналық ұйым қаржылық тұрғыдан қиындыққа тап болған.
Депутаттың дерегі бойынша, биылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымда жалпы сомасы 109,6 млрд теңгеге несие берешегі бар. Салдарынан медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің көлемін де қысқартуға мәжбүр. Ол медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайтынын жеткізді.
"Тек есептелген несие берешегінің көлемі 2021 жылдан бастап 2 есе көбейіп кетті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 100 млрд теңгені құрады, бүгінгі таңда 109 млрд болып отыр. Бұл саланы қаржыландыру көлемінің 2,5 есе өсуіне қарамастан болған жағдай. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда халықтың қалта шығыны да күткендегідей азая қоймады",- деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатордың айтуынша, бұл проблеманың туындауына саладағы стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауы себеп.
Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдардың несие берешегін төмендету үшін шұғыл шараларды қабылдауды ұсынып отыр.