Медицинадағы мәселелер Үкіметте тағы да айтылды

497

4 облыстың дәрігерлеріне шағым көп. 

Медицинадағы мәселелер Үкіметте тағы да айтылды Фото: inbusiness.kz

Медицинадағы "күйіп тұрған" мәселелер бүгін Үкімет үйінде тағы да сөз болды. Айта-айта ауыз талып, жаза-жаза жауыр болған бағасы удай дәрі-дәрмектер, дәрігер қабылдауында жиілеген ұзын-сонар кезек және әбден тозған жабдықтар жайы, кейде, түйіні тарқамайтын боп көрінеді.

Сапалы қызметті айтпағанда, елдегі емдеу мекемелерінің жартысынан көбі ескірген. Оған қоса, жыл сайын мыңдаған маман түлеп ұшса да, ауыл-аймақтағы дәрігер тапшылығы шешілер емес. 200-ден астам елдімекенде ем қабылдайтын орынның жоқтығы да мұңайтып отыр. Тізіп берген проблемаларды министрлер кабинеті бұл жолы қалай шешпек?

Дертіне шипа іздеп, алғашқы көмектен үміт күтетін тұрғындардың көбіне көңілі күпті. Әсіресе, ауыл тұрғындарына қиын. Бірнеше шақырым жолды артқа тастап, облыс орталықтарына келгеннің өзінде, не дәрігер, не оған орын таппай қиналады. Қазір елдегі 4 облыстың ақ халаттыларына шағым көп. Оны министр көзбен көріп, мойындап отыр.

"Бұл мәселелер бойынша халықтан шағымдардың ең көп саны Астана, Алматы қалаларына, Ақмола, Атырау облыстарына тиесілі екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 млн халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Ең көп саны Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Дәрігер тапшылығы әлі өзекті. Бұл мәселелер тек бүгін қозғалып отырған жоқ. Осыған дейін де айтылды, әлі де айтыла беретін сияқты. Өйткені, елде маман тапшылығы шешілмей отыр. Биыл оқуын аяқтаған 4 мыңнан астам медицина маманын ауыл-аймаққа бөлгенімен, Қостанай, Ақмола, СҚ, Түркістан мен БҚ облыстарында сұраныс сол күйі. Сондықтан, Үкімет дәрігерлерді өңірге баруға ынталандыратын жаңа әдістер әзірлемек.

"Көріп отырғанымыздай, жұмыстар әлі де жеткіліксіз, ынталандырудың жаңа әдістерін әзірлеу керек. Денсаулық сақтау объектілерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 84%-ті құрайды. Олардың жартысынан көбі тозған. Уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету үшін өңір әкімдіктері алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін қолданыстағы нормативтерге сәйкес жабдықтауы қажет. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарын күшейту керек", - дейді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

200-ден астам ауыл-аймақта медициналық мекеме атымен жоқ. Үкімет басшысы халықтың дер кезінде ем немесе дәрі-дәрмек ала алмауы  басшылардың жүйесіз жұмысынан,- дейді. Сондықтан енді оларға менеджмент сапасын арттыруға көңіл бөлуге тура келеді. Қазір елдегі 200-ден астам ауыл-аймақта медициналық мекеме атымен жоқ. Бар ғимараттың 56 пайызының тозығы жеткен. Олардың өзі қажетті жабдықтарға жарымай отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу