Облыстық және аудандық медициналық ұйымдарға қажетті жас мамандарды қолдау мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы "SENIM" салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, ынталандырушы қосымша төлем ("көтерме ақы") ретінде 500 000 теңгелік сертификат бекітті. Бұл туралы кәсіподақтың еліміздегі жұмыс берушілерге үндеуінде айтылды.
"Оған үміткерлерді іріктеу бастауыш кәсіподақ ұйымының өтініші негізінде жүзеге асырылып, "SENIM" кәсіподағының облыстық атқару комитеті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірлескен отырысында шешім қабылданады", – делінген кәсіподақ таратқан ақпаратта.
Сертификат иегерімен арнайы шарт жасалады екен. Осы шарт негізінде жас маманға кем дегенде 2 жыл ішінде медициналық мекемеде жұмыс істеу міндеттеледі.
Бүгінгі таңда батыс және оңтүстік өңірлердің 36 маманы осы сертификатқа ие болды.
"Алдағы уақытта ҚР Кәсіподақтар федерациясы "SENIM" кәсіподағымен бірлесе өткізуді жоспарлап отырған жастар форумдарында медицинаның жас мамандарына тағы да 30 сертификат берілетін болады. Жалпы жыл соңына дейін жалпы сомасы 40 млн теңгені құрайтын 80 сертификат табыстау жоспарлануда", – делінген үндеуде.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі жұмыс берушілерді аудандар мен ауылдарда қызмет ететін денсаулық сақтау саласының жас мамандарын әлеуметтік қолдау жөніндегі осы бастамаға белсенді атсалысуға шақырады.