Өткен аптада ШҚО Ұлан ауданында медициналық қалдықтарды өңдеу кешені салынады деген жаңалық тараған еді. Ұландықтар бұл жаңалыққа қарсылық танытты. Осыған орай 1 наурыз күні аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде қоғамдық тыңдау өтіп, тұрғындар мәселені талқыға салды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Қоғамдық тыңдауға аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысқан екен.
Тыңдау барысында халық қарсылық танытып, жобаны қолдамағандықтан, аталмыш кешен ауданның аумағында салынбайды деген шешімге келіп отыр.
"Бизнес бастау жүзеге аспас бұрын бірнеше келісім кезеңін өтеді. Соның бірі – қоғамдық талқылау. Кез келген бизнес бастамаға берілетін мүмкіндік бұл жобаға да беріліп отыр. Оған бірден тыйым салу жергілікті билік тарапынан заңбұзушылық болып табылады", – дейді Ұлан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болатбек Мамарбаев.