Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандарында облыстық денсаулық сақтау басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, денсаулық сақтау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Есіл қаласында өткен жиында Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнар Құлышева былтырғы жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындыларына тоқталып, алдағы жылы атқарылатын міндеттер туралы айтып берді. "Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға үнемі жете көңіл бөлініп отырады. Биылғы Жолдауда да халықтың денсаулығын сақтау жайы назардан тыс қалмаған. Мәселен, өткен жылы денсаулық сақтау саласының 9 нысанын салу жоспарланса, соның 8-інің құрылысы біткен. Тек дәрі-дәрмек сатып алуға 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Өмірге қатер төндіретін бірқатар дертпен ауыратындар тегін дәрі алады. Ана мен бала өлімі, жүрек қантамыр, онкологиялық аурулар сияқты қатерлі дертпен ауырушылар қатары біршама азайған. Облыстағы адамдардың орташа өмір сүру жасы да өсе түсті. 2016 жылы саланың материалдық-техникалық жабдықталу жайын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 622,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға 274 медициналық құрылғылар 12 автокөлік сатып алынды", - деді Г.Құлышева. Сонымен қатар, басқарма басшысы биылғы жылы қазіргі заманғы шетелдік медициналық құралдар сатып алу үшін бюджеттен 765 миллион теңге қаржы бөлініп отырғаны атып өтті. Оның ішінде, Атбасар ауданаралық көп салалы ауруханасына 250 миллион теңгеге компьютерлік томограф, облыстық ауруханаға 395 миллион теңгенің антиографын және облыстық онкологиялық диспансер үшін 120 миллион теңгенің сандық маммографын алу көзделуде. Оған қоса, 232 медициналық құрал-жабдықтар мен 35 автокөлік алуға бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Осындай жиын Жарқайың ауданында да өтті. Аудан әкімінің орынбасары Асылхан Әлжановтың айтуынша, ауданда орталық ауруханаға бағыныстағы 4 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 15 медициналық пункт жұмыс істейді. Қазіргі күні денсаулық сақтау саласында 250 адам еңбек етсе, олардың 26-сы жоғары білімді дәрігерлер, 103 медбике бар. Мамандармен қамтамасыз ету деңгейі 61 пайыз көлемінде. Медицина қызметкерлеріне өткен жылы 10 пәтер берілген. Пятигорск ауылынан баспана сатып алу үшін жас маман 2 миллион 400 мың теңге несие алған. Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов денсаулық сақтау саласының жұмысына оң бағасын бере келе, ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар медицина қызметкерлеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыс етті.