Мамыр айында медициналық сақтандыру қорына түскен сақтандыру жарнасының көлемі 9,5 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
"2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 31 мамырына дейінгі аралықта қорға 176,7 млрд теңге түсті. Аударымдар жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі",– делінген хабарламада.
Жинақталған қаражаттың 95% немесе 167,9 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 5% жуығын немесе 8,8 млрд теңгесін жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететіндер аударыпты.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы алда тұр.
Естеріңізге сала кетсек, жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және 2020 жылдан бастап МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.