Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Айдын Құлсейітовтің қызметінен кетуіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қордың жұмысы жалғасып жатыр. Біздің негізгі міндет – уақытылы қаржының бөлінуін қамтамасыз ету. Медициналық ұйымдарға медициналық қызметтер үшін төлемдер жіберу мәселесі менің жеке бақылауымда тұр. Бүгінгі таңда медициналық нысандар ішінара қазан айы үшін қаржысын алған жоқ. Осы аптаның соңына дейін қазан айындағы қаржыландыруды жабамыз. Қаржыландырудың болғанына қарамастан, бұл ақша медициналық ұйымдарға уақытылы түспеген. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Біз үшін медициналық көмекті уақыты көрсету маңызды. Жалғыз акционер осындай шешімді қабылдады. Бәрі регламент аясында болды", – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Тілшілер Айдын Құлсейітовтің жұмыстан кетуінің негізгі себебін сұрады.
"Бұл сұраққа қазір пікір білдірмей-ақ қояйын", – деді Ақмарал Әлназарова.
Айта кету керек, жақында Айдын Құлсейітовтің "ӘМСҚ" КЕАҚ басқарма төрағасы ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.