Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
ҚР заң жобасын таныстыру барысындағы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, енгізіліп отырған өзгерістерге сәйкес бекітілген мерзім жарты жылға шегерілуде. Осы ретте жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушылардың, адвокаттардың, жеке тұлғалардың аударымдары мен жарналарын төлеу мерзімі 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырыла бастайды. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды. Екіншіден, төлемдер мен жарналардың жүйеге түсу мерзімі алты айға шегерілгендіктен, сәйкесінше, жүйеде көрсетілетін медициналық көмекке ақы төлеу жарты жылға ұзартылады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап). Бұдан бұрын хабарланғандай, осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді. Министрдің айтуынша, аталған мерзімді ұзартуға бюджеттік заңнамадағы өзгерістер ықпал етті. "Мерзімдерді өзгертудің негізі Үкіметтің 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджетаралық қатынастар ұстанымдарын қайта қаралуында болып отыр", – деп тоқталды Т. Дүйсенова.