"Медикер" серіктестігі емхана жұмысына 350 млн теңге инвестиция бағыттады

301

Өңір медицинасы ілгеріледі

"Медикер" серіктестігі емхана жұмысына 350 млн теңге инвестиция бағыттады Фото: Inbusiness.kz

"Медикер" компаниясы сенімгерлік басқаруға алған Қазақстандағы алғашқы жобасын сәтті аяқтады. Соның арқасында Атырау қаласындағы №2 емхана жұмысы әлдеқайда ілгеріледі. Жаңа құрылғылар сатып алынып, сапа артты. Серіктестік 5 жыл ішінде медициналық мекемеге 350 млн теңгеден астам инвестиция құйды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Медикер" компаниясы қаладағы №2 емхананы осыдан 5 жыл бұрын сенімгерлік басқаруға алған. Бар мақсат өңір медицинасын ілгерілетіп, қызмет сапасын арттыру болатын. Серіктестік өз көздегеніне жетті. Бүгінде компания мемлекет меншігіне заманауи құрылғымен жабдықталған, жұмысы бір ізге қойылған мекемені тапсырды.

"Бұл 60 жылдық тарихы бар мекеме. Біз 5 жыл бұрын сенімгерлік басқаруға алдық. Алдымызда көрсетілетін қызмет сапасын арттыру міндеті тұрды. Және біз мақсатымызға жетіп,  мекеме деңгейін көтере алдық деп ойлаймын", - дейді "Медикер" компаниясының басқарма төрағасы Анар Жұмаханова.

"Медикер" серіктестігі емхана жұмысы үшін 150 млн теңгеге жаңа бірнеше құрылғы сатып алды. Тағы 200 млн теңгеге ғимарат ішін жаңартып, жөндеу жүргізді. Қажетті жиhазбен қамтыды. Соған қарамастан қаржыны тиімді игеріп,  мемлекет бюджетіне де 100 млн теңге кіріс әкелді.

"Осы 5 жылдың ішінде Медикер серіктестігімен 140 млн теңгеге жуық инвестиция құйылды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және қажетті құрал жабдықтар сатып алынған болатын", - деп атап өтті Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Медикер-Қамқор емханасының пандемия кезінде де халыққа көп көмегі тиді. Нысан жанынан ашылған бөлімше арқасында мекеме тәулік бойы тынбай еңбек етіп, пациенттерді қабылдады.

"Ең басты көрсеткішіміз. Бұл емханада ана мен балаға көңіл бөлінеді ғой. Ана мен баланың өмірін, жағдайын жақсарту мақсатында бізде ана өлімі болған жоқ. Бала өлімі соңғы жылда мүлдем болған жоқ. Басқа да көрсеткіштермен жақсы, алда көрініп келдік", - деді Qamqor QP2 "Медикер Жайық" ЖШС филиалының директоры Элена Дәуітова.

5 жылдық жұмысын аяқтаған "Медикер" компаниясы атқарған қызмет есебін көрсетіп, атаулы датаны емхана қабырғасында өткізді. Іс-шарада салаға өлшеусіз үлес қосқан қызметкерлер "Қазақстан Республикасының Ұлттық денсаулық сақтау палатасы" атынан медаль иеленді. Тағы 15 маманға компания атынан алғыс хат және құрмет грамоталары табысталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу