Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Былтыр біз бес томдық "Ислам энциклопедиясы" ғылыми жобасын әзірлеуді қолға алдық. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, мәдениет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысуда. Биыл "MUFTIYAT" баспасынан "Ислам энциклопедиясының" І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарамыз.
"Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп" атты еңбекті әзірлеп қойдық. Сонымен қатар "Дін мен дәстүр" кітабының үшінші томын халыққа таратамыз. Осыған дейін "Дін мен дәстүр" кітабының екі томы шыққан болатын", – деді Бас мүфти.
Бүгінде Діни басқарма халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді.
"Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят" деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде "Алаштану", "Тұлғатану" пәнін енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу", – деді спикер.