Сенбі күні Венада МЭЕҰ-ның мұнай өндіруді қысқарту туралы дербес өндірушілермен қол жеткізген келісіміне сәйкес Малайзия өндірісті тәулігіне 20 мың баррельге, Экваторлық Гвинея – 12 мың баррельге, Бахрейн – 10 мың баррельге қысқартатын болды. Бұл мәліметтер Нигерияның мұнай ресурстары министрлігінің Twitter желісіндегі ресми парақшасында келтірілген. Онда ведомство алғашқылардың бірі болып МЭЕҰ-ға кірмейтін елдердің өндіруді қысқарту көлемі туралы толық мәліметті жариялап отыр, деп жазады ТАСС. Сондай-ақ Оңтүстік Судан мұнай өндіруді 8 мың баррельге, Судан мен Бруней әрқайсысы 4 мың баррельге қысқартады. Ал нигериялық министрліктің жариялаған ақпаратында Ресей, Мексика, Қазақстан және басқа да елдердің қысқарту көлемі бойынша мәліметтер сенбі күні айтылған деректерге сәйкес келеді. Атап айтқанда, Ресей келісімге сәйкес 300 мың баррельге, Мексика – 100 мың, Оман – 45 мың, Әзербайжан – 35 мың, ал Қазақстан 20 мың баррельге қысқартатын болды. Жалпы алғанда келісімге қатысатын картельге кірмейтін елдер өндірісті тәулігіне 558 мың баррельге қысқартады.