Ақтөбеде жоғалып кеткен 4 жасар баланың денесі табылды, деп жазады inbusiness.kz ІІМ Telegram арнасына сілтеме жасап.
"28 желтоқсан күні Ақтөбе қаласында 2018 жылы туған Данил Ахунов жоғалып кеткен болатын. Баланы іздеуге полицияның кешенді күштерінің жасақтары, Ұлттық ұлан қызметкерлері мен еріктілер тартылды. Қараусыз қалған гараждар, саяжайлар, орман алқаптары және кәріз құдықтары тексерілді. Сүңгуірлер жақын маңдағы су айдындарын тексерді. Іздеу шараларының нәтижесінде зорлықпен өлім белгілері бар жоғалған баланың мәйіті табылды", - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.
Ақпаратқа сәйкес, осы қылмысты жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 3-бөлігі "Жас баланы өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде өзге ақпарат жария етілмейді.