Бүгін Нью-Йоркте қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтіп, қарсыласымен көз түйістірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандасымыздың қарсыласы американдық Эрик Мун. Ол қазірге дейін жеті кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның алтауын мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Нұрсұлтанов осыған дейін төрт кездесу өткізіп, барлығында мерейі үстем болған. Сондай-ақ үш жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Айқас Астана уақытымен 26 қараша күні таңға сәйкес келеді.
Бүгінгі салмақ өлшеу рәсімінде отандасымыздың таразыдағы таза салмағы 161,6 фунтты (73,03 кг), америкалық Мунның салмағы 162,2 фунтты (73,5 кг) көрсетті.
Айта кетейік, Нұрсұлтанов жартылай ауыр салмақта WBO белбеуі үшін өтетін Сергей Ковалев (30-2-1, 26 КО) пен Вячеслав Шабранский (19-1, 16 КО) арасында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді.