Мейірім Нұрсұлтанов жеңіліп көрмеген америкалық боксшыны нокаутпен жеңді, деп хабарлайды vesti.kz.
Жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақ кәсіпқой боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов Нью-Йоркте кезекті жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз ресейлік Сергей Ковалев пен украиналық Вячеслав Шабранский арасындағы кездесудің андеркартында америкалық боксшы Эрик Мунды нокаутпен жеңді.
Мейірім мен Эрик арасындағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған болатын. Алайда алғашқы сәттерден-ақ бірден шабуылға шыққан қазақстандық боксшының қарқынына америкалық төтеп бере алмады. Нәтижесінде екінші раундта Мейірім техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Эрик Мун осыған дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. Ал Мейірім кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісін тойлады. Осыған дейінгі төрт кездесуінде де қарсыластарына мықтылығын мойындатқан.