Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин америкалық боксшы Флойд Мейвезердің Қазақстанға шақырғанға қанша ақша кететінін айтып берді, деп хабарлайды vesti.kz.
"Әрине, егер Мейвезерді Қазақстанға жеке шақыратын болсақ, онда қыруар ақша кететін еді. Дегенмен елордамызда WBC конвенциясы өтетіндіктен, бокс әлемінің барлық жұлдызымен аз ақшаға келісуге болады. Оның үстіне боксшылардың барлығын WBC шақырады. Біздің тарап тек боксшылардың қонақ үйін, жүріп-тұруын өз мойнына алады. Мұндай жағдайда көп ақша кетпейді", – дейді Бекхожин.
Бұған дейін Қазақстан ақпарат құралдарында Мейвезердің Қазақстанға тек қомақты сыйақыға келетіні жазылған еді. Америкалық боксшы Астанада өтетін WBC конвенциясына шақырту алған құрметті қонақтардың қатарында.
Айта кетейік, бүкіләлемдік бокс кеңесінің 55 конвенциясы 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтеді. Жалпы жиынға 500 делегат қатысады. Олардың қатарында WBC директорлар кеңесі, әлемнің қазіргі чемпиондары, чемпиондық атаққа үміткер боксшылар, танымал функционерлер, менеджерлер, промоутерлер, төрешілер, супервайзерлер және арнайы спикерлер болады.