Мексикадағы ең ірі есірткі картельдері бірінің жетекшісі, Эль Менчо лақап атымен танымал болған Немесио Осегера Сервантес әскери операция кезінде қаза тапты. Елдің бірқатар штатында тәртіпсіздіктер басталып, картельдің қарулы мүшелері мен әскерилер арасында қақтығыс туындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Мексика Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери операция елдің батысындағы Тапальпа қаласында жүргізілген. Атыс кезінде 60 жастағы Эль Менчоға оқ тиіп, көз жұмды. Сондай-ақ, картельдің төрт мүшесі қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алған. Ал күштік құрылым арасынан үш әскери қызметкер жараланды.
Есірткі картелі 2010 жылы Халиско штатында құрылып, кейін елдің басқа аумақтарында ықпалдыққа ие болған. Бұрынғы полиция қызметкері болған Эль Менчо АҚШ-қа кокаин, метамфетамин және фентанилдің ірі көлемін контрабандалық жолмен жеткізуге жауапты қылмыстық ұйымды құрған. Мексика Қорғаныс министрлігі әскери операцияны дайындауға негіз болған деректер АҚШ-тан алынғанын хабарлады.
Эль Менчоның қазасынан кейін қақтығыстар басталды. Мексиканың сегіз штатындағы "Халиско" тобының қарулы мүшелері көліктерді өртеп, жолдарды жапты, сондай-ақ қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасады.
Үкіметтің мәліметінше, 25 адам ұсталды. Олардың арасында 11-і зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысы бар деген күдікке ілінді, тағы 14-і бүлік пен тонау әрекеттері үшін қамауға алынған.
Жексенбі күні Air Canada, United Airlines және Aeromexico сияқты бірнеше әуе компания Пуэрто-Вальяртаға баратын рейстерін тоқтатты. Бұл курорт Мексиканың Тынық мұхиты жағалауында орналасқан. Пуэрто-Вальярта мен Эль Менчо қаза тапқан Тапальпа қаласының арасы – шамамен бес сағаттық жол.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары, бұрын АҚШ-тың Мексикадағы елшісі болған Кристофер Ландау есірткі картелі басшысының қазасын АҚШ, Мексика және Латын Америкасы үшін маңызды оқиға деп отыр.