Елордада мектеп асханалараларының тең жартысы талапқа сай емес. Арнайы комиссия шешіміне байланысты сол асханалардың жұмысын жүргізетін кәсіпкерлермен келесі жылға келісім-шарт жасалмайтын болды. Бұл жайында Астана қалалық білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Білім басқарамасының мамандары келер жылдан бастап мектеп асханаларына жаңартылған ас мәзірі енетіндігін айтты.
"Негізгі өзгерістері, мысалы, баланың таңертеңгі ас мәзірі басқа болса, одан кейін сағат оннан кейін немесе түстен кейін келетін балалалардың ас мәзірі өзгеше болады. Сондықтан, жеміс-жидектердің калориясына, массасына байланысты өзгерістер бар", – дейді Астана қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.
Қазір Астана мектептерінде 80 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Ол үшін бюджеттен алдағы жылға 4 миллиард теңге бөлінген. Болашақта мектеп асханалары орталықтандырылған тағам комбинаттарына біріктірілетін болады. Бұл бала тамағының сапасын қатаң бақылауға мүмкіндік бермек.