Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мектептегі тамақтанудың жаңа стандартына қатысты мәселе бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан мектеп асханаларынан тәтті тоқаш, бәліш пен чипсылар алынып тасталып, тамақтанудың жаңа стандартында балалар аш қалуы мүмкін бе деп сұрады.
"Уайымдамасаңыздар болады. Ең бірінші орында балалардың денсаулығы тұр. Сондықтан біз ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Мектептерді дұрыс тамақтанумен қамтамасыз ету негізгі бағыттың бірі", – деді ол.
Министр мектеп тамағы қаншалықты қымбаттайтынын нақтылады.
"Бұл шара тамақтану сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Премьер-министр тамақтану нормаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру туралы тапсырма берген болатын. Біз бұл жұмысты аяқтадық", – деді Ғани Бейсембаев.
Сөзінше, азық-түлікке ақша бөлу мәселесіне әкімдіктер жауап береді.
"Әкімдіктер бұл нормалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Әкімдіктердің тамақтануға бөлетін барлық қаражатын қайта қарау мәселесі де айтылды. Қазір есептеулер жүргізіліп жатыр", – деді Оқу-ағарту министрі.