Мектеп асханасында тамақтанған оқушылар ауруханадан бір-ақ шықты

833

Ауыл мектебінің 9 оқушысы уланып қалды.

Мектеп асханасында тамақтанған оқушылар ауруханадан бір-ақ шықты

Павлодар облысына қарасты Шарбақты ауданындағы №2 орта мектептің бесеуі амбулаторлық ем қабылдауға жіберілді. Тағы төрт оқушы облыс орталығындағы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осыдан бес күн бұрын Шарбақты аудандық ауруханасына оқушылар бірінен соң бірі түсе бастады. Олардың ең кішісі даярлық сыныбында, ең үлкені 9-сыныпта оқиды. Барлығы құсу, іштің ауыруы, диария мен дене қызуының 39 градусқа дейін көтерілуіне шағымданды.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Алмаз Мекишевтің айтуынша, бес бала дәрігерлердің қарауынан соң үйде ем қабылдауға жіберілді. Ал төрт оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Облыстық санитарлық-эпидемияологиялық бақылау департаменті өкілдерінің болжамынша, балалардың денсаулығының нашарлауына мектеп асханасы кінәлі болуы мүмкін. Себебі барлығы сол асханадан тамақтанды. Балалардың отбасы мүшелерінде мұндай ауру белгілері байқалған жоқ.

"Эпидемиологиялық тексеру барысында балалар 7 және 8 қыркүйек күндері мектеп асханасынан макарон, котлеттер, қарақұмық, қызылша жеп, алма шырыны мен компот ішкені белгілі болды. Сол себепті №2 мектептің асханасында жоспардан тыс тексеру жұмыстары басталды", – дейді сала мамандары.

Қоғамдық тамақтану орнындағы зерттеу нәтижелері әлі толық дайын емес. Дегенмен қазірдің өзінде бірнеше олқылықтың бары анықталды. Мәселен, аспаздың жұмыс істеуге рұқсат беретін анықтамасы болмай шықты. Сондай-ақ тәуліктік сынамаларды сақтау шарттарының бұзылуы сияқты бірнеше кемшілік тіркелді.

Аураханаға жатқызылған балалардан табылған ShigellaSonne тектес бактериялар олардың тамақтан улануы мүмкін екенін көрсетеді.

Айта кетейік, Павлодар облысында 1-4 сынып оқушыларының барлығы бірдей тегін тамақтанады. Оларды ыстық тамақпен қамту үшін бюджеттен асханаларды жалға алған кәсіпкерлерге әр бала үшін 450 теңге төленеді. Өткен оқу жылында мемлекет бір оқушыға 315 теңге төлеп келген еді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу