Мектеп ауласындағы дәретханалар толық жойылған жоқ

768

Білім және ғылым министрлігі мектепке қатысты тапсырманы орындамаған тұлғаларға шара қолдану бойынша әкімдіктерге хат жолдады. 

Мектеп ауласындағы дәретханалар толық жойылған жоқ

Мәселе мектеп ауласындағы дәретханаларға қатысты сұрақты шешуге, мектептерді бейнебақылаумен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік үшін дабыл жүйесін орнатуға қатысты болып тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Мектептерді қаржыландыру функциясы, оның құрылысы және қажетті жағдай жасау, санитарлық, қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері заң жүзінде әкімдіктердің құзырында екенін атап өткен жөн. Оқу жылының басталуы қарсаңында білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету үшін министрлік қызметкерлері еліміздің барлық облыстары мен қалаларындағы әкімдіктерге бағынышты мектептерді тексерді. Инспекция барысында Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы және Шымкент қаласындағы мектептерде жылы дәретханамен қамтамасыз ету көрсеткішінің 100%-ға жетпегені анықталды. Бұған дейін үкімет оқу жылының басында мектеп ауласындағы барлық дәретхананы жою міндетін қойған болатын. Бұдан бөлек пайдаланылатын жылы дәретханалардың эпидемиологиялық талапқа  сәйкестігі бойынша да сұрақ туындап жатыр. Атап айтсақ: жабық кабиналар, қолды жууға, кептіруге арналған құрал-жабдықтардың болуы туралы талап. Осы мәселелерді шешу үшін білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті санитарлық ережелерге өзгеріс енгізді", – деп нақтылады министрліктің баспасөз қызметі. 

Белгілі болғандай, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы мектептерге бейнебақылау орнату мәселесі де күні бүгінге дейін толық шешілмеген.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу