"Мектеп бұл жауапкершіліктен бас тартып жатқан жоқ": Министр жыныстық тәрбие туралы пән енгізуге қатысты пікірін айтты

Ғани Бейсембаевтың ойынша, бұл тәрбие ең бірінші, ата-аналар тарапынан жүргізілуі тиіс.

"Мектеп бұл жауапкершіліктен бас тартып жатқан жоқ": Министр жыныстық тәрбие туралы пән енгізуге қатысты пікірін айтты Фото: pexel

Сондықтан да, Оқу-ағарту министрі мектеп бағдарламасына жыныстық қатынас тәрбиесіне қатысты жаңа пән енгізілмейтінін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Үкімет отырысынан соң ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері тарапынан министрге "Мектепте жыныстық тәрбие беретін пән енгізу керек пе?" деген сұрақ бағытталды. 

– Менің ойымша, ең алдымен ата-аналардың жауапкершілігін арттыру дұрыс болады, өйткені бұл әрдайым солай болған, яғни отбасында тәрбиеленген. Сол себепті, біз арнайы ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарын аштық. Мен психологтарға "сол жерде ата-аналарды балалармен қалай қарым-қатынас жасау керек, балаларды қалай тәрбиелеу керек?" деген мәселелер бойынша барынша ағарту жұмыстарын жүргізсін" деп тапсырма бердім, – деді ведомство басшысы. 

Ғани Бейсембаев "бала жалпы тәрбиемен қатар, жыныстық қатынасқа қатысты тәрбиені де ата-анадан алуы тиіс" деген пікірді құп көреді. Мектептерде жыныстық қатынасқа тікелей қатысты болмаса да, бала тәрбиесіне бағытталған бағдарламалар баршылық екенін алға тартты.

– Әрине, мектеп те бұл жауапкершіліктен қашпайды, бірақ бүкіл жауапкершілікті тек мектепке арту дұрыс емес деп ойлаймын. Мектеп бұл жауапкершіліктен бас тартып жатқан жоқ. Біз "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында тиісті іс-шаралар өткізіп жатырмыз, бірақ тікелей жыныстық қатынас мәселесі емес. Бұл тәрбие, ең алдымен, ата-аналар тарапынан жүргізілуі тиіс. Сондықтан, ата-аналар осы іспен айналысса, бұл өте жақсы болады деп санаймын. Біз бұл бағытта қолдау көрсетеміз, – деп сөзін қорытындылады министр. 

Оның сөзінше, жақын арада мектептерде жыныстық қатынас тақырыбына бойлайтын пән енгізілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу