Астанада өткен "Келешек мектептерінің тұжырымдамасы: ортақ мақсат, ұжымдық даму" тақырыбындағы стратегиялық конференция аясында келешек мектептерінің директорлары мамандандырылған STEM-білім беру моделін зерделеп, іс-қимыл жоспарын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Зияткерлік мектептері, "Білім-инновация" қоры және "Республикалық физика-математика мектебі" өкілдері қатысты.
Семинар шеңберінде "Республикалық физика-математика мектебінің" өкілдері Алмаз Күнғожин және Светлана Мендіғалиева мектепті басқарудағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, білім мекемелерін дамытудың нақты формуласын ұсынды. Тәжірибелі басқарушылар Келешек мектептерінің директорларын заманауи мектептер үшін сапалы білім, жүйелі олимпиадалық дайындық және айқын стратегиялық жоспар маңызды деген қорытындыға жетеледі. Заманауи мектептердегі басты назар оқушыны тек білім алушы емес, инженерлік тұрғыда ойлай алатын тұлға ретінде қалыптастыруда болуы керек. Сондықтан мектептің қазіргі деңгейін бағалау, даму бағытын белгілеу, кедергілерді анықтау және осы жұмысты алға жылжытатын нақты команданы қалыптастыру маңызды деген шешімге келді біліктілік курсына қатысушы мектеп менеджерлері.
Топтық жұмыс барысында директорлар физика, математика және инженерлік бағыттағы мектеп миссиясы, тереңдетілген пән жүйесі, халықаралық STEM мектептері қауымдастығымен серіктестік тәжірибесі, түлектердің жаһандық компанияларда тәжірибе жинақтауы және цифрлық білім беру ортасын дамыту тәжірибесімен танысты. Ал, практикалық бөлімде білім мекемелерінің басшылары өз мектептерінде STEM бағыттарын дамытуға арналған 12 айлық нақты жол картасын әзірледі.