"Мектеп директоры сабақ өткізбеді": Елордалық оқушылар бейнеүндеу жолдады

10376

Әлеуметтік желіде тиісті бейнеүндеу тарады.

"Мектеп директоры сабақ өткізбеді": Елордалық оқушылар бейнеүндеу жолдады Фото: видеодан скриншот

Астанадағы №49 мектептің 10 сынып оқушылары мектеп директоры жоспарлы сабақтарды өткізбегенін айтып, Оқу-ағарту министріне бейнеүндеу жолдады, деп жазады inbusiness.kz. 

"Біз Астанадағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы № 49 жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбында оқимыз. 2022-2023 оқу жылында "Абайтану", "Эссе құрылымы" және "Жаһандық құзыреттілік" секілді факультативтік пәндерді оқуымыз керек болатын. Өкінішке қарай, бұл пәндер қыркүйек айынан бастап мамыр айының соңына дейін өткізілмеді. Өйткені аталған пәндерді мектебіміздің директоры Арай Мұхамеджанова оқытуы керек еді. Мектептің директоры бұл пәндер үшін бір жыл бойы жалақы алып келді, бірақ сабақ мүлдем өтпеді", - деді оқушылар.

Олар келесі жылы емтихан тапсыратындарын, онда эссе жазулары керек екенін жеткізді.

"Бірақ біз оны қандай біліммен жазамыз? Мектеп директорының өзі оқушыларды оқытуда немқұрайлық танытып жатса, бұл қандай Жаңа Қазақстан?", - деп атап өтті 10-сынып оқушылары.

Білім басқармасынан аталған жайтқа байланысты түсініктеме беруін сұрадық.

"Аталған видеоға қатысты бүгінгі таңда Астана қаласы Білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылып, ішкі бақылау жүргізіліп, заң шеңберінде шешім шығаратынын хабарлаймыз", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу