Шаһарда есірткі тасымалымен айналысқан мұғалім де ұсталды.
Суға кеткен екі бала тағы бар және қала аумағында бір-бірін пышақтаған оқушылардың ісін де көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ.
Соңғы уақытта Қызылорда қаласында оқушылар мен мұғалімдердің қатысуымен қылмыстық оқиғалар жиілеп кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов құр статистикалық мәліметпен ғана шектеліп қоймай, көзқарасты түбегейлі өзгертіп, құқықбұзушылықтың алдын алудың жаңа жолын қарастыру керек деп есептейді.
- Бірдеңе болса, мектеп директорын жұмыстан босатумен ғана шектеліп қалып жатырмыз. Сіз де, біз де кете береміз. Бұл – тек қана білім саласының ғана емес, тұтас қоғам мәселесі. Әрине, қызметкер болғасын еңбек демалысын алады. Бірақ та түнгі рейдте еңбек демалысын сылтауратпау қажет.
Сонымен қатар, жазғы демалысты тиімді өткізу шаралары жіті назарда болғаны жөн. Біз ата-аналармен жұмыс жүргізіп жатырмыз, рейдтік іс-шаралар күн тәртібіне енді. Енді не істеуіміз қажет? Бұдан нәтиже болмаса, мүмкін көзқарасымыз бен жұмыс бағытын өзгерту керек шығар!? Спорттық үйірмелер мен клубтардың жұмысын біржақты етейік, - деді ол.
Статистика былай дейді. Маусым айы бастала салысымен бір түнде кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 60-қа жуық құқықбұзушылық іс тіркелген. Биыл кәмелетке толмаған заңды өкілдерге 173 хаттама толтырылса, оның 48-і бір емес, бірнеше рет толтырылыпты.
Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Садуақасова тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.
- Білім ұйымдарында жан-жақты жұмыстар атқарылып жатқанымен, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық тоқтар емес. Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңбұзушылық әрекеттерін алдын алу мақсатында облыстық және қалалық прокуратура, полиция басқармасымен бірлесе отырып, білім беру бөліміне қарасты ұйымдарда заңбұзушылық фактісін азайту іс-шаралар жоспары бекітілді. Кәмелетке толмаған балалардың беймезгіл уақытта ата-анасынсыз жүруін тарқату мақсатында қалалық полиция басқармасының қатысуымен түрлі рейд жұмысы жүргізілуде, - деді бөлім басшысы.
Қызылорда қаласында суға шомылуға тыйым салынған 21 учаске бар. Бәрінде ескерту тақтайшасы орнатылған. Десе де, ескертуді елеп жатқан бала жоқ. Өйткені, жауаптылар нақты ескерту жасағанымен, балалардың әртүрлі суға түсуге арналмаған орындарда жүруі азаймай отыр. Сондықтан, жазаны қатаңдату керек деп есептейтіндер кездеседі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда қаласында және облысында мектеп оқушыларының қатысуымен болған қылмыстық оқиғалардан соң бірнеше мектеп директоры, аудандық білім бөлімі басшысы жұмысынан босатылған еді.