"Самұрық-Қазына" АҚ компаниясы тобының "Менің елім" әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы бойынша Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты кіші грант иегері атанып, бір миллион теңге ұтып алды. Бөлінген қаржыға он бес велосипед сатып алған жоба авторлары "Баянауылда экологиялық велотуризмді ұйымдастыру" жобасын бастап кетті. Бұл туралы Баянауыл аудандық ішкі саясат бөлімі хабарлады, деп жазады pavlodarnews.kz.
Жазғы және күзгі мезгілде жүзеге асатын жобаның мақсаты - экологиялық велотуризмді ұйымдастыру, экология, биология,география пәндері бойынша теориялық және практикалық сабақтарды табиғат аясында өткізу, баянауылдықтардың бос уақытын қамту, велодесант ұйымдастыру арқылы белгілі аумақтарды қоқыстан тазарту, оқушыларға жазғы уақытта экономикалық пайда табуға мүмкіндік беру және салауатты өмір салтын ұстану.
"Баянауылға бәсекеге қабілетті туризм кластерін қалыптастыруға мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде", - деді шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов. - "Баянауылда экологиялық велотуризмді ұйымдастыру" жобасы аймағымызда туризмнің дамуына жаңа серпін берері хақ. Ш.Айманов атындағы жалпы білім беру мектеп-интернатына велосипедтерді алуға мүмкіндік берген "Самұрық Қазына" акционерлік қоғамына алғыс білдіремін.
Бұдан кейін қатысушылар "Баянауыл ауылының орталық алаңы – Сәтбаев мұражайы – Стелла – Ферингер көшесі – Әуезов көшесі – Сәтбаев көшесі – Орталық алаң" бағытындағы алғашқы саяхатқа шықты. Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының директоры Салтанат Досмағамбетованың айтуынша, велосипедті жалға алған адамға қап немесе қоқыс салатын дорба беріледі ол жолшыбай дорбасына қоқыс толтырып әкелуі шарт.