Мектеп кітапханашыларын педагог лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты пысықталмақ

1209

Биылғы оқу жылында "Кітапхана ісі" мамандығына мемлекеттік грант саны артады. 

Мектеп кітапханашыларын педагог лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты пысықталмақ Фото: yakutiamedia

Елімізде мектеп кітапханашыларын педагог санатына теңестіру мәселесі жан-жақты пысықталатын болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Биыл Оқу-ағарту министрлігі 2165 орта білім беру ұйымдары кітапханашыларының біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Курста IT-құзыреттілік пен цифрлық сауаттылық, авторлық құқық, заманауи кітапханашының Soft және Hard skills дағдылары, кітапханаларды әлеуметтік желілерде ілгерілету, кітапханадағы нетворкинг сияқты кең ауқымды тақырыптары қамтылған.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, бүгінгі таңда Үкіметтің "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы" қаулысында "Педагог-кітапханашы" лауазымы қарастырылмаған.

"Білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларды "Педагог" лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты зерделеніп (қажеттілік, лауазымдық нұсқаулық, жалақы т.б.), пысықталатын болады. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде кітапханашылар "педагог" лауазымына теңестірілген жағдайда "Педагог мәртебесі туралы" ҚР Заңында қарастырылған барлық нормалар, оның ішінде аттестаттаудан өту де оларға қатысты болады", - деп жазылған министрдің мәжілісмендердің сауалына берген жауабында.

Ведомство басшысының жауабында көрсетілгендей, орта мерзімді болжам нәтижесіне сәйкес 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адамды құрайтын болады. Оның ішінде кітапханашылар – 5 226 адам, кітапхана қызметшілері – 1 696 адам, кітапхана жұмыскерлері – 65 адам.

"Бұл қажеттіліктер бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2024 оқу жылына "В043-Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі" білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру грантын бөлуді жоспарлауда. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75%-ға жоғары", - делінген хабарламада.

Министр депутаттық сауалдағы "Кітапхана ісі" мамандығына мемлекеттік грантты 30%-ға көбейту туралы ұсыныс ескерілгенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу