Мектеп құрылысындағы дау: мердігер бюджетке 266 миллион теңгені қайтарады

95

Қостанай облысында мемлекеттік органның мектептегі спорт зал шатырының құлауына байланысты мердігер ұйымға қарсы талап арызы қанағаттандырылды.    

Мектеп құрылысындағы дау: мердігер бюджетке 266 миллион теңгені қайтарады Фото: gov.kz

2021 жылы мемлекеттік орган мен жеке серіктестік арасында 2,2 млрд теңгеге 2023 жылғы 31 желтоқсан дейін аяқталуы тиіс білім беру нысанын салу туралы келісімшарт жасалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алайда шартта белгіленген мерзімнің өтуіне қарамастан, нысан пайдалануға берілмеген, мердігердің өз міндеттемелерін орындамаған. 2024 жылы мектептің спорт залында шатырдың құлайды.

Кешенді тексеру нәтижелері бойынша жасалған техникалық қорытындыға сәйкес, апаттың себебі стропильді фермаға рұқсат етілмейтін көлденең жүктеменің түсуі болған. Аталған әсер дәнекерленген жіктің бұзылуына және тірек конструкцияларының деформациясына әкелген, бұл жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылғанын айғақтайды.

Жинақталған сметалық есепке сәйкес, құлау себептерін жою, конструкцияны қалпына келтіру және құрылысты аяқтау үшін 260 млн теңгеден астам қаражат қажет, бұл орындалған жұмыстарда елеулі ақаулар бар екенін көрсетеді. Апат салдарын жою және құрылысты аяқтау мақсатында мемлекеттік орган авторлық және техникалық қадағалау жүргізуге, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс жұмыстарын орындауға жалпы сомасы 266 млн теңгеден астам болатын жекелеген шарттар жасасқан. Бұл шығындар мемлекеттік орган тарапынан келтірілген залал ретінде мердігерден өндіріп алу талап етілді.

Талап қоюға қарсы уәж келтіре отырып, жеке серіктестік өкілі құрылыс фермаларының шамадан тыс жүктелуі құбырлар мен патрубкалардағы судың қатып қалуы, жылымық кезеңінде шатыр бетінің суға толуы және кейіннен құбырлардың мұзбен бітелуі салдарынан болғанын алға тартты.

Оның пікірінше, бұл жағдайлар инженерлік коммуникациялардың уақытында тартылмауына байланысты ғимаратта жылудың болмауынан туындаған, ал бұл үшін ол жауапкершілікті тапсырыс берушіге ысырған.

Алайда сот жауапкердің дәлелдері оның шарттық және кәсіби жауапкершілігін жоққа шығармайтынын көрсетті. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарай отырып, шарт талаптарына сәйкес мердігер орындалған жұмыстардың сапасына, қолданылған материалдарға, құрылыстың жобалық құжаттама мен техникалық талаптарға сәйкестігіне толық жауапты екенін атап өтті.

Мердігердің әрекеттері мен туындаған салдар арасындағы себеп-салдарлық байланысты ескере отырып, сот талап қоюшының талаптарын негізді деп танып, оларды толық көлемде қанағаттандырды.

Сот жеке серіктестікті облыстық бюджетке мектептің спорт залындағы шатырдың құлау себептерін анықтауға, сондай-ақ оқиғаның салдарын жоюға және мектеп құрылысын аяқтауға жұмсалған шығындарды қоса алғанда, 266 млн теңгеден астам қаражатты өтеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу