Мектеп мұғалімі балаларды ұрып-соғып оқытқан

368

Жұдырығы жуан мұғалім.

Мектеп мұғалімі балаларды ұрып-соғып оқытқан Фото: shutterstock

Шымкентте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушыларды таяқпен тәрбиелемек болған. Жуан жұдырықты ұстаз балаларды білімімен емес білегімен мойындату үшін бұған дейін шәкірттерге бірнеше рет күш қолданған көрінеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Содан қажыған оқушылар  мұғалімнің әрекетін бейнетаспаға түсіріп таратқан. Ағайларының ерсі әрекетін әшкерелегені үшін оқушылар қорқып жүрсе, ата-аналар балаларын ұрып-соққан ұстаздың жұмыстан кетуін талап етіп отыр.

Бір оқушының желкесінен жұлқып, енді бірінің басынан ұрып жүрген көшедегі бұзақы емес. Шымкент қаласындағы №98 жалпы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Абдумажит Миразизов. Оқушылардың айтуынша, ұстаз шәкірттерін әскери киім алып келмегені үшін ұрған.

"Енді қыс қой сыныпта өтетін болған соң форма әкелмеген. Сол Мәжіт ағай балаларды ұра бастады. Кәдімгі мынау жұдырықпен бастарынан ұрды. Анау балалардың дауысы пах етіп шықты ғой", - дейді оқушы.

Ұрда-жық ұстаз оқушыларды бұдан бұрын да сабап келгенімен, үлкендерге бұл туралы тіс жарса, одан сорақысын көрсететінін айтып қорқытып келген. Сол себепті содыр мұғалімнен сақтану үшін оқушылар әлімжеттікті ұялы телефондарына түсіріпті. 

"Бүкіл баланы ұрып шықты біз өз көзімізбен көрдік. Бірақ балалар ешнәрсе деген жоқ. Тек бастарын бүркеп отырды. Қорқады да қорқып қалған. Ағай тіптен, бір емес бірнеше рет ұрып жатыр. Қыздарды шығарып қойып беттерінен шапалақпен ұрған", - дейді оқушы.

Таяқпен тәрбиелеген ұстаздың әрекеті желіге жарияланған соң наразы ата-аналар мектепке жиналды. Олар Миразизовтың мектептен кетуін талап етіп отыр.

"Ары қарай істемесін бұл мектепте. Мұндай мұғалімдер, балаға тәрбие беруге құқықтары жоқ. Мен көпке топырақ шашпайын. Мұндай мұғалімнің балаға тәрбие беруге мүлде құқығы жоқ",- дейді ата-аналар кеңесінің мүшесі Рита Аралбайқызы.

Ата-аналар мұғалімнің мұндай қылығы барын бұрыннан біліп, оны мектеп басшылығына бірнеше рет ескерткен екен. Бірақ директор енді ғана естідім деп ақталып  отыр.  Ал, ата-аналардың талабы алдағы уақытта қамқоршылық кеңесте қаралатынын жеткізді.

"Мен ол сыныпқа өзім де сабақ беремін қазақ тілі әдебиетінен. Балалардан мұндай нәрсе естіген жоқпын. Өзінің сабағында болған шығар. Енді бұны анықтаймыз, шара қолданамыз", - деді №98 жалпы орта мектебінің директоры Ербол Жолтаев.

Бұл мәселеден бүгінде қалалық білім басқармасы да хабардар. Ондағы мамандар жағдайды бақылаудан шығарып алған мектеп басшылығына да сөгіс жарияланғанын жеткізді. Ал, оқушыларға қол көтерген ұстазбен хабарласу мүмкін болмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу