Мектеп мұғалімінің жалақысы колледж оқытушысынан 40 пайызға көп – депутат

2413

Колледж мұғалімдеріне жалақыны көтеру мәселесі қарастырылмаған.

Мектеп мұғалімінің жалақысы колледж оқытушысынан 40 пайызға көп – депутат

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің жалақысындағы алшақтық мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

Парламенттің төменгі палатасында "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасы таныстырылды.

"Мамыр айында мемлекеттік органдар 2022 жылға арналған бюджеттің орындалуы бойынша есепті баяндады. Онда 800-ге жуық колледждің мәселесі бойынша сұрақ қойған едім. Бізде орта мектеп мұғалімдері колледже орта білім беретін мұғалімдерге қарағанда 40 пайызға артық айлық алады. Мамыр айында бұл мәселенің күзде емес, ендігі жылдың бюджетінде қаралатыны туралы уәде берілген. Бірақ бүгінгі заң жобасында білім беру жүйесін дамытуда осыны көрмей тұрмын. Орта мектеп мұғалімдерінің жалақысы сол колледж мұғалімдеріне қарағанда 40 пайызға артық. Осыны қалай дұрыстайсыздар? Бұл әділетсіздік 2024 жылы жойыла ма әлде жоқ па?", - деп сұрады депутат Болатбек Нажметдинұлы.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның сөзінше, бүгінгі таңда тиісті әдістеме жаңғыртылып жатыр.

"Қазіргі таңда техникалық білім беруге бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін арттыру бойынша әдістемені жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әдістеме толық аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдармен бірге осы мәселе көтерілетін болады. Оның ішінде колледждегі мұғалімдердің жалақысын арттыру мәселесі де қарастырылған", - деді ведомство өкілі.

Халық қалаулысы вице-министрдің жауабына қанағаттанбағанын жеткізді. 

"1 қаңтардан бастап колледж мұғалімдеріне жалақыны көтеру мәселесі осы бюджеттің аясында қарастырылмаған. Ең әуелі әдістемені әзірлеуіміз керек. Ол дайын болып, бюджетке тиісті есептеулер мен өтінім Қаржы министрлігінің қарауына енгізіледі. Қазіргі таңда колледждердегі мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 320 мың теңге көлемінде. Бұны (ред. – жалақыны арттыру мәселесін) әдістеменің аясында ғана қарауға мүмкіндік бар", - деп толықтырды Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу