Мектеп оқулықтарының сапасын халықтың өзі тексеріп жатыр

Кеше 2026-2027 оқу жылында енгізілетін мектеп оқулықтарының жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды.

Мектеп оқулықтарының сапасын халықтың өзі тексеріп жатыр Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқулықтардың сапасын тексеру онлайн-форматта өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оқулықтарды талқылау "Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау" бөлімінде келесі пәндер бойынша жүргізіледі:

  • 4-сыныптарға арналған: "Қазақ тілі", "Орыс тілі" (қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін), "Математика" (қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер үшін), "Дүниетану", "Әдебиеттік оқу";
  • 7-10-сыныптарға арналған: "Дүниежүзі тарихы", "Алгебра", "Қазақ тілі", "Химия", "Биология", "Физика", "География", "Құқық негіздері", "Шетел тілдері" (ағылшын, неміс, француз тілдері) оқулықтарын қамтиды. 

– Қоғамдық талқылау онлайн-форматта өтуде, бұл Қазақстанның барлық өңірінің өкілдеріне тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл үдеріс мұғалімдерді, ғалымдарды, әдіскерлерді және мектеп оқулықтарының сапасына мүдделі барлық қазақстандықты біріктіреді.
Қоғамдық талқылаудың басты мақсаты – жаңа оқу материалдарының мазмұны, құрылымы, әдістемелік тәсілдері, сондай-ақ тілі мен безендірілуі туралы педагогтар, әдіскерлер және жалпы қоғамның пікірлерін жинау, – делінген ресми жарияланған хабарламада. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оқулықтар бес сатылы сараптамадан өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, пысықтау кезеңі, пилоттық мектептерде апробация, қоғамдық талқылау және пәндік сараптамалық комиссияның қорытындысы. 

Осы күні аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірінде 34 пилоттық мектепте сынақтан өтуде.

Пәндік сараптамалық комиссияның шешімімен барлық кезеңнен өткен оқулықтар мектептерде қолдануға және Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізуге ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу